Тарих • 13 Шілде, 2018

«Алтын адам» -  әлем музейлерінде

3690 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қытай Халық Республикасының Сиань қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі мен Шэньси Тарих музейі бірлесіп халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» көрме жобасын жүзеге асыру аясында шетелдік аудиторияға Еуразия көшпенділерінің мәдениеті мен өнерін таныстыратын «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» атты бірегей көрме ашылды. 

«Алтын адам» -  әлем музейлерінде

Экспозицияланатын коллекция тізімінде XV ғасырдың (Оңтүстік Қазақстанның Сайрам қала­шығы) басына тән деп бел­гіленген зергерлік өнердің біре­гей туындылары, сол сияқты Орталық Қазақстандағы Тал­ды–ІІ қорғанынан табылған жәді­герлер де (ж.с.д. VII ғ. ортасы және 2-жартысы) бар.

2012 жылғы сәуірде тарих ғылымдарының докторы, профес­сор М.Сыздықовтың бас­шы­лығымен Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының археологиялық отряды Теректі ауданындағы Тақсай-І кешенінде зерттеу жұ­мыстарын жүргізіп, нәти­жесінде табылған ақсүйек сармат әйелі (ж.с.д. VI ғ. соңы – V ғ. ортасы ) киімінің реконструк­ция­сы да таныстырылатын бо­ла­ды. Қорымнан барлығы 500-ден астам әртүрлі алтын әше­кейлердің фрагменттері табылған болатын.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі қорларынан ұсы­нылған алтын заттардың аз ғана бөлігі – Еуразия дала мәдениеті мұрасының өзіндік ерекшелігін көрсететін бұрынғының атаусыз шеберлерінің туындылары олардың көркемөнер дәс­түрлерінің үздіксіздігін та­ғы да бір рет дәлелдейді. Ұлт­тық музей директорының мін­­детін атқарушы Л.В.Ко­че­тов: «Ұлы Дала мұрасы: зер­герлік өнер жауһарлары» көр­месі Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей ұйытқы болуымен қолға алынды. Негізгі мақсат – еліміздің мәдени жетіс­тіктерін әлемге танытып, ұлттық құндылықтарымызды, тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттау. Қытайдың Шэньси провинциясы Тарих музейімен әріптестік байланыс орната отырып, ауқымды жобаны жүзеге асыруға бірлесе атсалысып отыр­мыз.

Бұл жоба қазақ-қытай ара­сындағы достықтың жан­дануына оң әсерін ти­гізіп, екі елдің мәдени қа­рым-қатынасына жаңа сер­пін берері сөзсіз. «Алтын адамның әлем музейлеріне ше­руі» бұған дейін әлем­нің бірнеше елінде ұйым­дастырылды. Минск, Мәс­кеу, Баку қалаларында өткен көрмелерде қа­­зақ елінің құнды жә­дігерлерімен та­­нысуға ниет­ті­лердің қарасы көп болды. Шет­ел­­діктердің елі­міздің тарихи-мә­дени символы­на айналған «Ал­тын адам» ес­керт­­­кішіне деген ықы­ласы өте жо­ғары екенін бай­қа­дық. Қазақстанның сан ғасырлық тарихы, бай мұрасы ке­лушілер тарапынан ерек­ше қы­зығушылық ту­дыр­ға­нын айрықша атап өткім келеді.

«Алтын адам­ның әлем музейлеріне ше­руі» жобасы 2021 жылға дейін әлем­нің бір­неше ірі музейінде жал­ғасын таппақ. Аталған іс-ша­ралар қазақ мәдениеті жау­һарларын жаһанға әйгілеп, әлемдік өркениеттегі өз орнын нықтай түседі деген сенімдеміз», дейді.

«Алтын адам» түсінігі тарих ғылымында атақты археолог ғалым, қазақстандық археологияның негізін қалаушылардың бірі Кемал Ақышевтің арқасында пайда болды. Толықтай алтыннан киім киген сақ жауынгері – бірінші «Алтын адам» табылған Қа­зақ­станның оңтүс­ті­гін­дегі Есік қор­ға­нын­да зерттеу жүр­гіз­ген міне осы кісі бо­латын. Баға жетпес қазына ғасыр жаңалығы ре­тінде танылып, шарт­ты түрде «Ал­тын адам» деп аталды.

Қорғаннан жауын­гердің киімін сәндеген бар­лығы 4800 алтын бұйым табылды. Бұл бұрын-соң­ды табылған қорғандар ішін­дегі Мысыр перғауыны Ту­танхамон қабірінен кейінгі ең көп алтын әшекейлер болатын. Қорымдағы заттардың топографиясы: зерттеушілер жерленген жауынгердің салтанатты сауы­т-сайманын, темір қылышы мен қанжарының қалдықтарын тер төгіп зерттеу нәтижесінде сақ жауынгерінің келбетін жаңадан жасап шықты. Парсы тілінен аударғанда «Сақ­тар» қазақтардың өте ертедегі бабалары «алып ерлер» дегенді білдіреді. Грек авторларының шы­ғармаларында оларды азия­­лық скифтер десе, енді бір ежелгі деректерде оларды «ұш­­қыр атты турлар» деп бей­нелеп сипаттаған.

Бұл көрме жобасы бүгінге күнге дейін Беларусь, Ре­сей және Әзербайжан музей­ле­рінде таныстырылды. Әрі қарай осы жылдың аяғына дейін Польша және Оңтүстік Ко­рея­да өткізу жоспарланған. 2019 жылы көрмені Жапония, Гру­зия, Ұлыбритания, Испания және Түркия мұражайларында өткізу көзделіп отыр. 2020 жылы АҚШ, Ита­лия, Аустрия, Франция және Гер­мания мұражайларында  өткізу межеленген.

2021 жылы көрме жобасы Гран-Пале Ұлттық мұражайлар қауымдастығының көрме зал­­­дарында (Франция) және Аус­трияның көркемсурет мұра­жайында көрсетілмек.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»